www.bank-ombudsman.kz
office@bank-ombudsman.kz
+7 (727) 261-22-16
+7 (708) 983-30-16
+7 (727) 983-30-16
ЖАҢАЛЫҚТАР Ескі жаңалықтар
Қараша 02, 2020

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржы ұйымдарының қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын бұзуы бойынша 9 айдың қорытындысын шығарды

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (бұдан әрі - Агенттік) қаржы ұйымдары жол берген қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына мониторинг пен талдауды жүзеге асырады және ықпал ету шаралары мен әкімшілік жазалар қолданады. Мәселен, ағымдағы жылғы 9 айда екінші деңгейдегі банктерге, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарына, коллекторлық агенттіктерге және микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдарға қатысты шамамен 253 ұсынымдық қадағалап ден қою шарасы, 5 жазбаша ұйғарым және жалпы сомасы 76,1 млн теңгеге 163 әкімшілік жаза қолданылды. 

2020 жылғы 9 айда екінші деңгейдегі банктерге, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға (бұдан әрі – банктер) қатысты бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыру барысында  қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзғаны үшін:

  • 66 ұсынымдық қадағалап ден қою шарасы;
  • 3 жазбаша ұйғарым;
  • 67 әкімшілік жаза қолданылды.

Жүргізілген талдау нәтижелері банктердің көбіне:

  •  банктік қарыздарға қызмет көрсету;
  • төлемдер және ақша аударымдары;
  • клиенттердің шоттарына қызмет көрсету;
  • банктік қызметтер туралы жарнамада банк лицензиясы нөмірінің және лицензия берген орган атауының болмауы бойынша бұзушылықтарға жол бергенін көрсетті.

Банктік қарыздарға қызмет көрсету тәртібі бойынша негізгі бұзушылықтар:

  • банктік қарыз шарты бойынша міндеттемелерді орындау мерзімінің өте бастағаны туралы қарыз алушыға хабарламауға;
  • банктік қарыз шарты бойынша құқықтарды (талап етуді) үшінші тұлғаға беру туралы қарыз алушыға хабарламауға;
  • № 136 қағидаларда[1] көзделген қарыз бойынша мәліметтер беру мерзімінің бұзылуына және қарыздар бойынша берешек мөлшері туралы дәйексіз мәліметтер  беруге;
  • қарыздар бойынша берешекті өтеу есебіне төлемдер қабылдауға шектеу белгілеуге;
  • Қарыздар бойынша негізгі борыш пен сыйақы сомаларын төлеуді тоқтата тұру тәртібі[2] талаптарының бұзылуына;
  • банктің "Call Center" операторларының дұрыс емес консультациялар беруіне;
  • Жарлық[3] шеңберінде қарыз бойынша берешекті есептен шығармауға;
  • соттың заңды күшіне енген шешімі болған кезде қарыз алушының банктік қарыз шарты бойынша берешегін коллекторлық агенттікке сотқа дейінгі өндіріп алуға беруге және реттеуге қатысты болды.

Төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру тәртібі бойынша негізгі бұзушылықтар:

  • клиент жапқан банк шотына аударылған ақшаны қайтару үшін көзделген мерзімнің бұзылуына;
  • қамтамасыз етусіз қарыз бойынша берешекті өндіріп алу жөніндегі төлем талапты жеке тұлғаның ағымдағы шотында Республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төмен күнкөріс мөлшерінен кем емес сомада орындауға;
  • клиенттің шоттарына төлем талаптарын қою арқылы банктік қарыз шарты бойынша мерзімі өткен негізгі борыш немесе сыйақы болып табылмайтын тұрақсыздық айыбын өндіріп алуға;
  • қарыз бойынша мерзімі өткен берешекті өндіріп алу үшін қарыз алушының банк шоттарына бірмезгілде бірнеше төлем талабын қоюға;
  • атқарушылық іс жүргізу шеңберінде берешекті өндіріп алу кезінде борышкердің банк шоттарына төлем талаптарын қоюға;
  • төлемдер бойынша нұсқауды клиентке берілген нұсқауда көрсетілгеннен басқаша бенефициардың пайдасына орындауға;
  • клиенттен қолма-қол ақша қабылдауға арналған кассалық құжаттарды толтыру жөніндегі талаптардың сақталмауына;
  • банкоматты төлем карточкасын ұстаушының бетін көрсетуге мүмкіндік беретін камера жұмысымен қамтамасыз етпеуге қатысты болды.

Клиенттердің шоттарына қызмет көрсету тәртібі бойынша негізгі бұзушылықтар:

  • банк шоттарын ашу/жабу тәртібінің сақталмауына және жеке сәйкестендіру кодының күшін жою жөніндегі жұмыстардың жүргізілмеуіне;
  • үшінші тұлғалардың шот иесінің атынан шоттағы ақшаға иелік ету құқығына арналған құжаттарды ұсынбай-ақ клиенттің шоты бойынша шығыс операцияларын жүргізуге;
  • банктің сыйақы мөлшерлемелері мен комиссияларды, сондай-ақ банк қызметтерінің көрсетілгені үшін тарифтерді регламенттейтін ішкі құжатында қамтылған, жеке тұлғаға қарыз берумен және оған берілген қарызға қызмет көрсетумен байланысты шотты жүргізгені үшін комиссияларға;
  • банк шотындағы ақшаға иелік етуге заңсыз шектеу қоюға;
  • салым сомасын қайтару жөніндегі міндеттемелерді орындамауға;
  • банк шоттары бойынша мәліметтерді банкроттық басқарушыға ұсынбауға;
  • банк шотына қызмет көрсету мәселелері бойынша банктің ішкі құжаттарын сақтамауға қатысты болды.

2020 жылғы 9 айда банктерге қатысты әкімшілік жазалаудың жалпы сомасы 36,7 млн теңгені құрады.

Банктер жол берген, әкімшілік жаза көзделген негізгі бұзушылықтар мыналар:

  • төлем және (немесе) ақша аударымы бойынша нұсқауды орындаудың Төлемдер туралы заңда[4] белгіленген мерзімдерінің бұзылуы;
  • Төлемдер туралы заңда айқындалған нұсқауды орындаудан бас тарту үшін негіздер (заңнаманың нормаларына сәйкес, бұрын орындалмаған төлем талаптары қайта ұсынылған (сомасы бірдей, оның ішінде бірнеше төлем тапсырмасына бөлінген), төлем құжаттарын орындамаған жағдайда төлем және (немесе) ақша аударымы бойынша нұсқауды орындау мәселені қарау кезінде) болмаған жағдайда төлем және (немесе) ақша аударымы бойынша нұсқауды орындаудан негізсіз бас тарту;
  • қарыздар бойынша сыйақы шамалары туралы ақпаратты жария ету кезінде ол таратылған жағдайда жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін көрсету жөніндегі міндетті орындамау;
  • ақпаратты кредиттік бюроға уақтылы бермеу және кредиттік тарих субъектілеріне қатысты дәйексіз мәліметтер беру;
  • кредиттік тарих субъектісі туралы мәліметтерді кредиттік бюроға субъектінің келісімінсіз беру;
  • кредиттік есепті кредиттік тарих субъектісінің келісімінсіз алу.

 

Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау шеңберінде сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары жол берген, анықталған бұзушылықтар туралы

                                                                                                                                                           

2020 жылғы 9 айда Агенттік бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыру барысында қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзғаны үшін сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарына қатысты:

  • 6 ұсынымдық қадағалап ден қою шарасын;
  • 3 әкімшілік жаза қолданды.

Ұсынымдық қадағалап ден қою шаралары:

- зардап шегушіге (пайда алушыға) немесе олардың өкілдеріне көлік құралына келтірілген зиянның мөлшері туралы есепті ұсыну үшін белгіленген мерзімді сақтандырушының бұзғаны;

  • зардап шегушіні (пайда алушыны) немесе оның өкілін көлік құралына келтірілген зиянның мөлшері туралы есеппен таныстырмағаны;
  • бүлінген көлік құралдарын фотосуретке түсіру кезінде өлшеу құралын (масштаб сызықшасын) қолданбағаны;
  • көлік құралына келтірілген зиянның мөлшері туралы есепті бүлінген көлік құралын қарап-тексермей жасағаны үшін қолданылды.

Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарына қатысты шығарылған әкімшілік жазалардың жалпы сомасы 919,1 мың теңгені құрады. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары жол берген, әкімшілік жауапкершілік көзделген бұзушылықтар сақтандыру төлемдерін уақтылы жүзеге асырмау және мемлекеттік бақылау және қадағалау органына дәйекті ақпарат бермеу болып табылады.

 

Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау шеңберінде микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар жол берген, анықталған бұзушылықтар туралы

 

Агенттік МҚҚЖҰ[5] (бұдан әрі – МҚҰ) лауазымды тұлғаларының және қызметкерлерінің заңсыз әрекеттерін немесе әрекетсіздіктерін, Қазақстан Республикасы заңдарының және уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінің талаптарының сақталмауын анықтаған кезде шектеулі ықпал ету шаралары және санкциялар қолданылады.

Шектеулі ықпал ету шараларының бірі ретінде МҚҰ-ға орындау үшін міндетті жазбаша ұйғарым қолданылады.

2020 жылғы 9 айда анықталған бұзушылықтардың қорытындысы бойынша МҚҰ-ға қатысты:

  • 175 жазбаша ұйғарым түріндегі ықпал ету шаралары;
  • 91 әкімшілік жаза қолданылды.

Жүргізілген талдау нәтижелері МҚҰ-ның:

  • Микрокредиттер беру бойынша көрсетілетін қызметтерді бекіту туралы хабарламалар жіберген кезде Хабардар ету қағидаларының[6], Микрокредит беру туралы шарт жасау тәртібінің[7] талаптарының бұзылуына;
  • микрокредит беру туралы шарттың Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келмеуіне;
  • № 17[8] қаулының және Төлеуді тоқтата тұру тәртібінің[9] талаптарының бұзылуына байланысты бұзушылықтарға жол бергенін көрсетті.

МҚҰ-ға қатысты шығарылған әкімшілік жазалардың жалпы сомасы 37,9 млн теңгені құрады.

МҚҰ жол берген, әкімшілік жауапкершілік көзделген негізгі бұзушылықтар:

  • микрокредит беру туралы шарттарда жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің мөлшерін көрсетпеу, дұрыс көрсетпеу және оның шекті мөлшерінен асып кетуі;
  • ұсынылуы Қазақстан Республикасының кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы заңнамасына сәйкес талап етілетін кредиттік тарих субъектілері бойынша мәліметтерді кредиттік бюроға уақтылы ұсынбау.

 

Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау шеңберінде коллекторлық агенттіктер жол берген, анықталған бұзушылықтар туралы

 

Қаржы реттеушісі коллекторлық агенттік Қазақстан Республикасының коллекторлық қызмет туралы заңнамасын, Қазақстан Республикасының банктік заңнамасын не Қазақстан Республикасының микроқаржылық қызмет туралы заңнамасын бұзған, коллекторлық агенттіктің борышкермен өзара іс-әрекет жасайтын басшы және өзге қызметкерлерінің заңсыз іс-әрекеті немесе әрекетсіздігі анықталған кезде «Коллекторлық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңының (бұдан әрі – Заң) 5-бабында айқындалған коллекторлық қызметті жүзеге асыру қағидаларына сәйкес шектеулі ықпал ету шаралары және санкциялар қолданады.

Осындай шектеулі ықпал ету шараларының бірі коллекторлық агенттіктің орындауы үшін міндетті, анықталған бұзушылықтарды және (немесе) себептерін, сондай-ақ олардың жасалуына мүмкіндік берген жағдайларды жоюға және (немесе) анықталған бұзушылықтарды және (немесе) себептерін, сондай-ақ олардың жасалуына мүмкіндік берген жағдайларды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын белгіленген мерзімде ұсынуға  бағытталған түзету шараларын қабылдауына арналған жазбаша ұйғарым болып табылады.

2020 жылғы 9 айда анықталған бұзушылықтардың қорытындысы бойынша коллекторлық агенттіктерге қатысты:

  • 6 жазбаша ұйғарым түріндегі ықпал ету шарасы;
  • 2 әкімшілік жаза қолданылды.

Жүргізілген талдаудың нәтижелері коллекторлық агенттіктердің:

  • қарыздар бойынша берешекті өтеу есебіне төлемдер қабылдауға шектеу белгілеуге;
  • аудио немесе бейне техника құралдарының көмегімен борышкермен өзара іс-әрекет жасау процесін тіркеуді жүзеге асырмауға;
  • коллекторлық агенттік қызметкерінің бастапқы байланыс жасаған кезде коллекторлық қызметті жүзеге асыру қағидаларында белгіленген ақпаратты борышкерге хабарламауына;
  • сұратылатын ақпаратты борышкердің өкіліне Қазақстан Республикасы заңнамасының тиісті нормаларына сәйкес келетін сенімхат бойынша ұсынбауға;
  • Агенттікке коллекторлық агенттіктің орналасқан жерінің өзгергені туралы хабарлау мерзімінің бұзылуына байланысты бұзушылықтарға жол бергенін көрсетті.

2020 жылғы 9 айда коллекторлық агенттіктерге қатысты қолданылған әкімшілік жазалардың жалпы сомасы 530,2 мың теңгені құрады.

Коллекторлық агенттіктер жол берген, әкімшілік жауапкершілік көзделген негізгі бұзушылықтар:

  • шектеулі ықпал ету шараларын қолдану арқылы жүктелген міндеттемелерді орындамау;
  • коллекторлық қызметті жүзеге асыру қағидаларының сақталмауы.

 

Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың қандай да болсын банк, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы, МҚҰ және коллекторлық агенттіктер ұсынатын банктік қызмет көрсетудің тиімділігі мен сапасын толық шолуы және дербес айқындауы үшін Агенттік қабылданған қадағалап ден қою шаралары (ұсынымдық қадағалап ден қою шарларын қоспағанда) және санкциялар (айыппұл) туралы ақпаратты Агенттіктің ресми интернет-ресурсына орналастырады.

Қаржылық қызметтерді тұтынушылар өз құқықтары бұзылған жағдайда Агенттікке және аумақтық тиістілігі бойынша Агенттіктің Өңірлік өкілдер басқармаларына өтініш жасай алады:

 - А15С9Т5,  Алматы қ., Көктем-3 ш/а, 21-үй мекенжайы бойынша жазбаша түрде Агенттікке;

- +7 (727) 237 1000 жедел желі телефоны бойынша (жұмыс режимі: дүйсенбі-жұма күндері, сағат 9.00 - 17.00 аралығында);

- info@finreg.kz, TAL@finreg.kz электрондық поштасы арқылы;

- «Fingramota Online» мобильдік қосымшасы арқылы (App Store-да,  Play Market-те көшіру үшін, сондай-ақ web-нұсқасы қолжетімді);

- Агенттіктің Өңірлік өкілдер басқармаларына (байланыс деректері Агенттіктің сайтында көрсетілген.

Сондай-ақ:

- қарыз алушының және банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін қанағаттандыру туралы келісімге қол жеткізу мақсатында банк және жеке тұлға қарыз алушы арасында ипотекалық қарыз шартынан туындайтын келіспеушіліктерді реттеуді жүзеге асыратын банк омбудсманына өтініш жасауға болады.

Банк омбудсманының деректемелері:  А15GП8Е2, Алматы қ., Н. Назарбаев даңғылы., 175-үй, 302-офис., тел.:  +7 (727) 2612 216, +7 708 983 30 16, е-mail: office@bank-ombudsman.kz, www.bank-ombudsman.kz.

 

 

 

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы ала алады:

+7 (727) 237 1090

e-mail: PRESS@finreg.kz

 

 

 

[1] Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2017 жылғы 28 шілдедегі № 136 қаулысымен бекітілген Банктік қызметтерді көрсету және банктердің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың банктік қызметтерді көрсету үдерісінде туындайтын клиенттердің өтініштерін қарау қағидалары

[2] Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының 2020 жылғы 26 наурыздағы № 167 бұйрығымен бекітілген Төтенше жағдайды енгізу нәтижесінде зардап шеккен халықтың, шағын және орта бизнестің қарыздары бойынша негізгі борыш пен сыйақы сомаларын төлеуді тоқтата тұру тәртібі;

[3]  «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 26 маусымдағы № 34 Жарлығы;

[4] «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Қазақстан Республикасының Заңы

[5] Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар – микрокредиттер беру жөніндегі қызметті жүзеге асыратын микроқаржы ұйымы, кредиттік серіктестік, ломбард;

[6] «Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымның микрокредиттер беру жөніндегі көрсетілетін қызметтерді бекіткені туралы қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеуді, бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік органды хабардар ету қағидаларын, сондай-ақ хабарламаға қоса берілетін құжаттардың тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 19 желтоқсандағы № 237 қаулысы;

[7] «Микрокредит беру туралы шартты жасасу тәртібін, оның ішінде микрокредит беру туралы шарттың мазмұнына, ресімделуіне, міндетті шарттарына қойылатын талаптарды, микрокредитті өтеу кестесінің нысанын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 29 қарашадағы № 232 қаулысы.

[8] «Төтенше жағдай кезеңінде халыққа және кәсіпкерлік субъектілеріне қолдау көрсету шаралары туралы» Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2020 жылғы 22 наурыздағы № 17 қаулысы;

[9] «Төтенше жағдайды енгізу нәтижесінде зардап шеккен халықтың, шағын және орта бизнестің қарыздары бойынша негізгі борыш пен сыйақы сомаларын төлеуді тоқтата тұру тәртібін бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2020 жылғы 26 наурыздағы № 167 қаулысы;

Басқада жаңалықтар